Жаңалықтар

Өңір баспасөзінің қарашаңырағы

Баспасөз – 2023

Ғасырға жуық тарихы бар облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газеті — өңір баспасөзінің қарашаңырағы. Түсіне білгенге бұл басылымның әр ақтөбелік үшін орны ерекше.

Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тіліне» айналған газетте түрлі тақырыпта мақала жарияланатынын, соның ішінде өзім қызмет ететін мәдениет саласы да қамтылатынын оқып-біліп жүрмін. Бұл, әрине, мені қуантады. Баспасөз беттері арқылы жылт еткен жаңалығың, өмір мен өнердегі сүйініш-күйінішің, жалпы, жай-күйіңді білдірген, сол арқылы көрермен һәм оқырманмен сырласқан ғанибет емес пе?! Мен «Ақтөбенің» журналистерімен жиі сұхбат құрып, жаңалықтарыммен ұдайы бөлісіп тұрамын. Газеттің «Мәдениет» айдарынан осы саладағы жаңалықтардан хабардар болып отырмын. Ұзақ жол жүргенде газет оқудың қызығы тіптен бөлек.

Шүкір, сен туралы ізденіп, алдын ала әзірленіп келетін журналистер аз емес. Олармен кәдімгідей ашылып, қызығып әңгіме-дүкен құрасың. Кейін ол жазған мақалалар, сұхбаттар оқырман үшін де ой салатын қызықты дүние болатыны сөзсіз. «Ақтөбе» газетінің журналистерін сол қатарға қосамын.

Қай кезде болсын, бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде газеттің халық пен билікті, сондай-ақ біз сияқты өнер адамдарын тыңдармандарымен байланыстыратын «алтын көпір» екені анық. Сол үдеден шығып жүре беріңіздер!

Газет редакциясына амандық, шығармашылық табыс тілеймін. Жерлестерді келер жылға газетке жазылуға, жалпы, «Ақтөбені» оқып жүруге шақырамын.

 Марат ӘЙТІМОВ,

әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ақтөбе қаласы. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button